Skip to content

Тарихы

№ 273 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ТАРИХЫ

Байқоңыр қаласындағы  тұңғыш қазақ  мектебіне көз жүгіртсек.1968 жылы ең  алғаш ВЛКСМ-нің 50 жылдығы атындағы  №211  8 жылдық мектебі болып ашылған. 1972 жылы ВЛКСМ-нің 50 жылдығы атындағы  №211 орта мектеп болып қайта ашылған. 1988 жылы қаладағы мектептердің салынған жылына қарай реттік нөмірлері өзгертіліп, ВЛКСМ-нің  50 жылдығы атындағы  №5 орта мектеп болып аталды. Байқоңыр қаласындағы ең алғаш қазақ  білім  ордасының қадасы 1991 жылы 1 қыркүйекте  қағылды. Мектепте ең  алғашқы 59 мұғалім, 848 оқушымен еңбек жолын бастады.

Байқоңыр қаласындағы№ 5 тұңғыш қазақ мектебінің ашылу салтанатынан көрініс

№ 5 қазақ орта мектебінің 1991-1998 жылдардағы директоры П.Төлемісов

Директордың орынбасарлары – Қожақова Г., Еспаева М., Балғынбаева А.

  Құрылу кезеңінен бастап, түрлі салтанатты шаралар тізбегімен жалғасын тапты. Мектеп тарихында  ерекше орынмен көрінген алғашқы кездесулердің бірегейі, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш,  Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен өткен кездесу. 1994 жылдың сәуір айында Ұлы тұлғаның жер кіндігі Байқоңырда қонақта болып, қазақ мектебінің қара шаңырағы №5 Абай Құнанбаев атындағы мектепте болуы үлкен  мәртебе.

Мамыр айында мектептің ең алғаш 24 түлегі алтын ұя мектебімен қоштасу салтанатын өткізіп, сол кезеңдегі Қызылорда облысының білім беру басқармасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері  Ә. М.Мүсілімов  мырзаның келуі қуанышымызды еселей түскені сөзсіз.

1992-1993 оқу жылы

Оқушылар саны – 850

Мұғалімдер саны -56

1993 жылдың 23- сәуірде қаладағы тұңғыш қазақ тілінде оқытатын мектепке халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаев есімі берілді.

Мектепке А.Құнанбаев есімін беру жайлы қала әкімі В.Брынкиннің шешімі, 1993 ж

А.Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған «Байконур» газетіне жарияланған мақала

1993-1994 оқу жылы

Оқушылар саны -915

Мұғалімдер саны -65

Әкімшілік құрам өзгерді. Мектеп директорының орынбасарлары : Әбдібаева Ж., Сейілбаева З., Кенжебаев А.  тағайындалды.

1994 жылы сәуір айында сол кезеңдегі Қазақстан аэроғарыш агенттігі директорының  орынбасары, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиясының академигі, профессор М.М.Молдабековпен кездесу өткізілді.

1994 жылы мектебімізде тұңғыш рет жоғары категориялы маман атағын биология пәнінің мұғалімі Жандаулетова Сәнім иеленді. Осы жылдың наурыз айында Алматыда өткен Республикалық олимпиадаға Мырқышева Лиза, Әбдреева Айгүл, Шакишов Нұрбек атсалысты.Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрмұратова Фатима Махамбетовна  «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.    

1994 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына байланысты Республикалық марафонға мектептің педагогикалық  ұжымы 1 күндік жалақысын аударып, құрмет көрсетті.

1995 жылы 28 шілдеде ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына байланысты «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты ғылыми конференция өткізіліп, нәтижесінде білім ордасында «Абай мұражайы» ресми түрде ашылды. 

«Жүрегімнің түбіне терең бойла…» апталығының жоспары   

     «Байқоңыр» газеті беттерінен          

1995 жылы 28 шілдеде ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған қалалық екі күндік мерекелік шараның алғашқы күні Абай мұражайының ашылу салтанаты  болып өтті .

Абай мұражайының ашылу кезеңіндегі көрінісі

Сонымен қатар «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты қалалық ғылыми конференция өткізілді.

Ұстаздар ұлы ақын өмірі кезеңдерін сахналауда

Лениск қаласының әкімі Г.Дмитриенконың  ғарышкерлер А.Н Соловьев пен Н.М. Бударинге Абай Құнанбаевтың портретіне қолтаңба қалдырып Жерге беріп жіберуін өтінген хаты

Ақын портреті ғарышта болып,  Ресей ғарышкерлерінің  қолтаңбасымен Байқоңыр жеріне қайтарылды.

1995-1996 оқу жылы

Оқушылар саны – 1083

Мұғалімдер саны – 86

1996 жылдың 2-желтоқсанында Казақстан Республикасының Еңбегі сіңген артисі, Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттығына кандидат Құдайберген Сұлтанбаевпен кездесу өткізілді.

1996 жылдың 8- тамызында  Байқоңыр қаласындағы Абай даңғылы бойында ұлы ақынға  ескерткіш орнатылды.

1996-1997 оқу жылы

Оқушылар саны – 1329

Мұғалімдер саны – 108

№ 0000001 Қазақстан бойынша жаңа үлгідегі куәлік иесі Бейісова Динара болды. Ерекше куәлік иегерлері М.Қадырмаханова, А.Оразбаева.  Мектеп қабырғасынан 44 түлек қанат қақты.

1997-1998 оқу жылы

Оқушылар саны -1419

Мұғалімдер саны -114

 1998 -2017 жылдар аралығында  А.Ә.Жиенбаев мектеп директоры қызметін атқарды.

1998-1999 оқу жылы

Мұғалімдер күні қарсаңында математика пәні мұғалімі Намазова Алмагүл  Жүнісқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

1999-2000 оқу жылы

1999 жылдың 5-қазан күні Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты Құдайберген Сұлтанбаев мектеп мұғалімдерімен кездесуге келді.

2000-2001 оқу жылы

2001 жылдың 26-сәуірінде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров № 5 Абай Құнанбаев атындағы орта мектебіне қонаққа келді.

Абай мұражайындағы қолтаңбалар жинағында Т.Әубәкіров қалдырған қолтаңба

 «Мектеп білім ордасы, мұғалім -мектеп жүрегі», «Ұрпақ болашағы ұстаздан » осы бір сөз тіркестерінде қанша мағына, ұғым бар десеңізші!!! Уақыттың өлшемі адам ғұмырымен есептелсе, ал адам ғұмырының жалғыз өлшемі бар – ол кейінгі жас ұрпақтың болашағы үшін атқарған жұмыс және тындырылған іс.  Егер біз сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен көз жүгіртіп байқасақ, ежелден–ақ ата-бабаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге батырлық ержүректілігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап қол күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. Осы үлгінің жалғасындай болған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы № 5 Абай Құнанбаев атындағы мектепте жоғары деңгейде атап өтілді десек қателеспейміз. Осы мерекенің айтулы сәті ретінде мектеп жанында Абай Құнанбаев ескерткішінің ашылу салтанатын атауға болар еді. Өз халқының, ұрпағының келешегі үшін қазақ тілі қоғамын құрып, қазақ оқырмандары үшін қазақ тілінде «Ақ жол» газетін шығарып,  қала орталығынан қазақ орта мектебін ашуға мұрындық болған, қаламыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері  Мақшат Үйреков атамыздың мына өлең жолдары  еске түседі.

Жас ұрпақтың болашағын ойлайық ,

        Өз тілінде білім алсын баламыз.

        Риза болсын өткен ата-бабамыз,

        Мен жырлайын ағарсада самайым.

        Құтты болсын мектебіміз ағайын, – деп жүрегі ағынан жарылып  еді. Енді міне, Абай мектебі алдында ұлы ақынның мүсіні Тәуелсіздік таңын тағы бір паш еткендей биік мәртебеге ие болды.

Мектеп директоры А.Жиенбаевтың Абай  ескерткіші жанында құттықтау сөзі

Қала әкімінің орынбасары А.П.Петренко және қалалық оқу бөлімінің басшысы М.Ф.Овчинникова

2015-2016 оқу жылынан бастап Байқоңыр мектептері Қазақстан білім беру стандартына көшірілді. Осы оқиғаға орай мектебіміз Қармақшы аудандық білім бөлімінің «№ 273 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта ашылды.

2015 жылдың 1 қыркүйегінде № 273 орта мектебінің «Алғашқы қоңырау» мерекесі  салтанаты жақсы  жаңалыққа толы болды.  2015 жылға байқоңырлық қазақ мектептері үшін республикалық бюджеттен  982,1 млн.теңге қаржы бөлінді. Білім беру нысандарына қажетті 90442 дана оқулық жеткізілді. Осы жылы 642 байқоңырлық бүлдіршін  мектеп табалдырығын тұңғыш аттап,білім есігін ашты.Осы бүлдіршіндерге Елбасы атынан «Менің Отаным — Қазақстан» Қазақстан Республикасының Президенті кітабы сыйға тартылды.

 2015 жылдың тамыз айында мектебімізге Қазақстан Республикасының Білім және ғылым  министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов іссапармен келді.  Қазақстан білім стандартына көшу жағдайындағы мектептің жаңа оқу жылына дайындығына оң баға берген «Бас Ұстаз» мектеп ұжымына  жаңа табыстар тіледі.

Мектеп тарихындағы  тағы бір сондай елеулі  оқиғаның бірі- 2015 жылы тамыз айында мектебімізге облыстық білім басқармасының басшысы Бахытжан Әбдіқалықұлы  Сайлыбаев мырзаның  келуі болды.

2015 жылдың қыркүйек айында № 273 орта мектебіне Қазақстан Республикасының Премьер Министрінің орынбасары Б.М.Сапарбаев, Қызылорда облысының әкімі  Қ.Е.Көшербаев іссапармен келіп, мектеп ұжымымен, оқушылармен кездесті.  Қонақтар отандық білім беру жүйесіне көшкен мектебіміздің жағдайымен танысып, Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарымыздың талап-тілектеріне ден қойды. Болашақ тұтқасы –білімді жастарда екенін айтып, байқоңырлық білім алушылардың болашағы үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған тек білім алу жолында ерінбей, жалықпай алға ұмтылу қажеттігіне тоқталып, жастарға зор үміт артатынына сендірді.

Қазақстан әлемге танылып, тар жол тайғақ кешу мен зұлмат қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, жаңа деңгейге қол жеткізген ширек ғасыр уақытты салтанатпен атап өту мектебіміз үшін зор қуаныш болды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын мектебіміз қалалық, аудандық деңгейде атап өтті. Мектептің спорт залы мерекеге сай безендіріліп, ата-аналардан құралған ұлттық аспаптар оркестрі қонақтарды күймен қарсы алды.

Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Байқоңыр филиалы төрағасы  Ә.Дәуленбаев, «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Шағатайұлы, Төретам кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бөлекбаев, Қармақшы аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы Ж.Молдабаева, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері А.Тоқшылықова қатысты.

Төретам кенті әкімі М.Демесінов пен «Нұр Отан» партиясының Байқоңыр филиалының төрағасы Ә.Дәуленбаев мектеп қызметкерлеріне  мерекеге орай  мадақтамалар табыстады.

Сондай-ақ қонақтар мектептегі  Абай мұражайындағы жәдігерлермен танысып, көрмеге қойылған ракета модельдеу үйірмесі жұмыстары мен қолөнер бұйымдарын тамашалады.

 Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына мектеп ұжымының және оқушыларының жетістіктері тарту етілді.

 Мектеп тарихының бір бетіне айналған бұл үлкен мерекелік шараның жас ұрпаққа берер тағылымы мол екені даусыз. Осындай игі істер алдағы уақытта да мектебімізде жалғасын таба бермек.

2017-2018 оқу жылында мектеп директоры болып Ұзақбаев Ғалымжан Әлімұлы  тағайындалды. 2017 жылдың 1- қыркүйегінде   мектебіміз жаңа басшымен жаңа оқу жылына қадам басты.

Жаңа оқу жылында мектеп ұжымына жас ұстаздар легі келіп қосылды

                           Сапарларыңыз сәтті болсын, достар!

Қазіргі таңда мектепте 94  мұғалім жұмыс жасайды.

Жоғары санатты мұғалім саны – зерттеуші – 10

сарапшы -35

модератор – 28

санатсыз – 19